Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы
Наурыз – бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің мерекесі. Наурыз – шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтеді.
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын Нахимов негізгі мектебінде оқушылар мен ұстаздар, ауылдың тұрғындары мәз-мейрам болып, бірге қарсы алды. Ескі жылдың қадірін білетін, Жаңа жылда ақ тілектер тілейтін ауылымыздың қарт кісілері мерекелік іс-шараның қадірлі қонақтары болды. Мереке барысында шашу шашылып, наурыз көже таратылып, оқушылардың орындауындағы ән мен би, көріністер тамашаланды. Мектеп ұстаздары қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, қазақтың ұлттық жиһаздары мен бұйымдарымен әшекейленген киіз үйдің ішіне дастархан жайды.
Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі бала тәрбиесінде ерекше орын алады. Оқушылардың бойында салт-дәстүрге деген құрмет сезімін баулу мақсатында өткізілетін мерекелік іс-шараларға ауыл әкімі Ғ.Т. Садвакасов үнемі қатысып, белсенді ат салысады, оқушыларымызды ұдайы қолдап жүреді.
Мерекелік іс-шараның соңында ауыл тұрғындарына арналып дастархан жайылды, түрлі спорттық ойындар ойнатылды.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: А.Г. Нарбутина